Топ-100 ARMAN Kids — кішкентай балаларға арналған жаңа жоба
  • 05 ноября, 15:29
  • Астана
  • Weather icon +1
  • 489,36
  • 533,45
  • 4,99

ARMAN Kids — кішкентай балаларға арналған жаңа жоба

Бұл жоба бастауыш сынып оқушыларына арналған. 

YouTube платформасында зор сұранысқа ие болған «МЕКТЕП OnLine» арнасы авторларының бастамасымен ARMAN Kids  жобасының тұсауы кесіліп отыр.

Бұл жоба қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығады. Сонымен қатар, жоба ұйымдастырушылары балаларға ерекше дүние ұсыну үшін тынымсыз еңбектенгендерін және бастауыш сынып мұғалімдерін іріктеу кезінде мұқият сынақтан өткізгіндерін келтіреді.

Сабақтың ерекшелігі сонда, балаларға жаңа тақырыптарды түсіндіруге қуыршақтар, ойыншықтар көмектеседі. Ал, мұғалім теориялық бағытта сабақты түсіндіреді.

Қазіргі таңда бейнесабақтар арнаға жүктеліп жатыр. 1 қыркүйектен бастап балалар сабақтарды тамашалай алу үшін, жазғы демалыс кезінде мектеп бағдарламаларының түсірілімі тоқтаусыз жүреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай сипаттағы бейнесабақтар бастауыш сынып оқушыларын ғана емес, мектеп жасына дейінгі балаларды да қызықтыратыны сөзсіз.

Жалпы, ARMAN Kids арнасында дайындық сыныбынан бастап төртінші сыныпқа дейінгі оқу бағдарламасы жүктелмек. Ал «МЕКТЕП OnLine» жобасы оқушыларға мектеп бағдарламасын толық меңгеруге мүмкіндік береді.

ARMAN Kids жобасында бірнеше жылдық тәжірибесі бар мықты мамандар сабақ береді. Мәселен Гүзел Жайлаубаева — «Арман» оқу-тәрбие орталығында бастауыш сынып оқушыларына ұстаздық етеді. Гүзел бала кезінен мұғалім болуды армандаған. Себебі, оның анасы, әжесі және әпкесі өздерін осы салаға арнаған. Гүзел Әнуарқызының өзі 27 жылдан бері мұғалімдік қызметте. Балаларды  мектептен тыс, экран арқылы оқыту ол үшін жаңа белес және өте қызық болып отыр. 

«Бастауыш сынып балаларымен жұмыс жасау өте қызық. Олардан жаңа нәрселер үйреніп, оқушылармен бірге дамып отырасың. Біздің мамандықта ең бастысы балаға деген махаббат және оқуға сүйіспеншілік қой! Бұл өте үлкен жауапкершілікті талап ететін амандық. Егер мен өзімнің оқушыларымнан басқа, өзге балаларды білім нәрімен сусындатып, қандай да бір көмегім тиетін болса, бұл істі қуана-қуана жасаймын. Балаларға әрқашан қолдау көрсету қажет. Оларды кішкентай жетістіктері үшін мақтап отыру керек. Махаббатыңды көрсетіп, олардың өзіне деген сенімін арттырған жөн. Мен ARMAN Kids жобасының түсірілімінде әрқашан балаларды қолдап, мақтап отыруға тырысамын. Себебі, әр бала өз алдына жеке тұлға екені анық», — дейді Гүзел Жайлаубаева.

ARMAN Kids жобасының қазақ тіліндегі мұғалімі Талдықорған қаласында орналасқан, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Лаура Тәтиева. Ол жоғары сынып оқушыларына арналған «МЕКТЕП OnLine Математика» арнасының мұғалімі және YouTube арнасындағы оқушылардың алғысына бөленіп жүрген ұстаз. Сонымен қатар, Лаураның өзінің екі мектеп жасындағы баласы бар. Демек оқушылармен тіл табыса алатыны даусыз.

«Балаға бір сабақты бірнеше рет қарау, тақырыпты оңай ұғынуға көмектеседі. Мектепте мұғалімдер тақырыпты тек бір рет түсіндіреді, ал YouTube-те бір сабақты бірнеше рет қарап, түсініп алуға болады. ARMAN Kids жобасында біз балаларға тақырыптарды өте терең түсіндіре аламыз. Оған қоса, театрландырылған қуыршақтар қойылымы арқылы бұл сабақтарды қай жерде қолдана алатындарын да білетін болады. Бұл балаларға сабақты тек түсіндіріп қана қоймай, сонымен қатар мотивация беріп, жігерлендіреді», — дейді Лаура Татиева.

Естеріңізге сала кетейік, «МЕКТЕП OnLine»  жобасының ең алғашқы сабақтары 2020 жылдың басында салынып бастаған еді. Қазіргі таңда жобаның 400  мыңдай жазылушысы және миллиондаған қаралымы бар. Жоба авторлары мектеп бағдарламасын түсіндіруде жаңа сипатты, заманауи технологияларды ұтымды пайдалану арқылы бір-екі жыл ішінде үздіктердің қатарынан  көрінді. Жоба көрермендері тек Қазақстанда емес, сонымен қатар алыс-жақын шет мемлекеттерде бар. Ал, үздіктердің қатарын «МЕКТЕП OnLine Математика» арнасы бастап тұр. «Күміс батырманы» да осы арна алған болатын. Оқушылар жобамен бірге биік шыңдарға ұмтылуда.

«YouTube платформасында Samruk-Kazyna Trust  әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауының арқасында ARMAN Kids  жобасының тұсауы кесіліп отыр. Бұл жобаның болашағы жарқын. Келешекте пәндерді көбейту жоспарда бар. Бұл сабақтардың әлі талай балаға көмектесетініне сенімдімiз», — дейдi жоба авторлары.

Смотрите также:

Предложить новость

Спасибо за предложенную новость!

Надеемся на дальнейшее сотрудничество.


×